×
Иманды жетілдіру жолдарын танып-білу және оған амал жасау үшін жазылған мақала

    Иманды жетілдіру жолдары

    سبل وقاية الإيمان من الضعف

    >Қазақ тілі – Kazakh –< كازاخي

    Мұхаммед Салих Мунажжид

    محمد صالح المنجد

    —™

    فريق اللغة الكازاخية بموقع دار الإسلام

    Islamhouse.com сайтының қазақ тілі бөлімшесі

    Иманды жетілдіру жолдары

    Ықылас

    Аллаһ Тағалаға деген ықылас діннің маңызды негізі. Кел келген іс-әрекет, амал ықыласпен жасалмаса, ол амалдар қаншалықты үлкен болса да, ешқандай пайдасы болмайды. Ал, әрбір ықыласпен жасалған амал, кішілігіне қарамастан Аллаһ Тағала алдындағы ең жақсы амал болып саналады.

    Қайсы бір амал ықылассыз орындалса, ауадағы тозаңдай шашырап, иесіне ешбір пайда бермейді.

    Ибн Тәймия былай дейді: «Ықыласқа келер болсақ – ол исламның ақиқаты. Өйткені ислам дегеніміз, өзгеге емес, бір ғана Аллаһқа бой ұсыну. Құранда осыған қатысты мынандай аят бар: «Аллаһ өзара шығыса алмаған ортақтардың меншігінде болған құл мен бір ғана кісінің меншігінде болған құлды мысалға келтірді. Ол екі құлдың мысал-жағдайлары тең бе?» (Зумар, 29).[1]

    Ендеше, кім Аллаһқа бой ұсынбаса – тәкәппарлық қылғаны, ал кім Аллаһқа және сонымен қатар өзге бір нәрсеге бойсұнса, Раббысына серік қосқаны. Серік қосу да, тәккаппарлық та ислам үшін теріс ұғымдар.

    Ықылас дегеніміз не? деген сұраққа ғұламалар былайша жауап береді: «Ықылас жаратылғандардың ой-пікірі, көз-қарастарынан жүректі тазалау», яғни өзіне деген сый, құрметке, сырт сөзге көңіл бөлмеу.

    «Ықылас – ғибадат жасап отырған кезде, мақсаттың тек қана Аллаһқа бағытталуы. Ол барлық істерде Аллаһ Тағала мен өзінің жүрегінің арасын түзетумен болады» яғни істеп отырған ісіне, не ғибадатына адамдар не айтады екен, деп емес, тек Аллаһ ризашылығы үшін деп істеу.

    Мұхлис-ықыласты адам кім? деген сұраққа ғұламалар:

    «Ықыласты адам не істесе де оның жүрегінде бір Аллаһ қана болады. Оның бар ойы өзімен Аллаһтың арасын жақсарту болғандықтан, жүрегінде адамдардың сөздерін ойлайтын орын қалмайды».

    Ықыласты толық түсінуіміз үшін ықылассыздыққа итермелейтін кейбір амалдарды білуіміз қажет.

    Рия:

    Дінімізде «адамдар көрсін» деп істелінген ғибадат – рия, көзбояушылыққа жатады.

    Бұл кезде адамда басқалар көрсін, мақтасын, таң қалсын деген мақсат болады. Яғни, бұл ондай адамдардың басқалар тарапынан ұлықтаулар мен мадақтаулар естуге тырысуы, оны көргендердің жүректерінде қандай да болсын бір сезім не қорқыныш пайда болуын қалауы болмақ.

    Сумъа:

    Яғни, адамдар естісін деген мақсаттың болуы.

    Ықылас – құлшылық ғибадаттардағы ниет арқылы Аллаһқа жақын болуды ғана мақсат ету.

    Ықылас – бар ынта-назарды Аллаһқа жүйелі түрде бұрып беріле отырып, ал адамдардың өзіне деген көзқарастарына бағынбау.

    Ықыластың мәні – жүректі ластап, оны кірлететін қоспалардан арылту.

    Расында қоспа заттар өзгенің тазалығын кетіруі мүмкін. Сондықтан әрбір зат қоспадан арылса (ықыласты) таза болған болады. Осы сөзге байланысты Құранда мынадай аят бар: «Біз сендерге малдардың қарындарындағы нәжасат пен қанның арасынан шығатын, ішетіндерге сүйкімді тап-таза сүтті ішкіземіз» (Нахл, 66).

    Фудайл Ибн Ғияз былай деген: «Адамдарға бола амалды тәрк ету – рия. Ал енді олар үшін амал жасау – ширк. Ал ықылас – осы екеуінен де таза нәрсе».

    Ықылас – істеген амалына Аллаһтан өзге куәларды керек етпеу.

    Құран Кәрімде де ықыласқа дәлел болатын аяттар көп, мысалы:

    «Олар, ғибадатты, нағыз Аллаһқа шынайы ынтамен бір беткей түрде орындаулары, намаз оқулары, зекет берулері үшін әмір етілген» (Бәйина, 5).

    «Бірақ тәубе еткендер, өздерін түзелткендер және Аллаһқа шын жабысып, діндерінде, ықыласты болғандар, міне солар мүміндермен бірге. Аллаһ Тағала мүміндерге жедел бір сыйлық береді» (Ниса, 145)

    «...Сондай-ақ, кім Раббысына жолығуды үміт етсе, сонда түзу іс істеп, Раббысына істеген ғибадатында Оған ешкімді ортақ етпесін, де!» (Каһф, 110).

    «Ол сондай Аллаһ, ізгі іс жүзінде қайсыларың жақсы, сынау үшін өліммен тіршілікті жаратқан» (Мүлк, 2).

    Жоғарыдағы Мүлк сүресінің екінші аятындағы «ізгі амал қылуда жақсырақ» - деген сөзге Фудайл: «Амалдың жақсырағы – ең ықыласты және ең дұрыс болғаны» - деп түсіндірме берген. Сонда қасында отырғандар одан:

    «Ей Әбу Әли! Амалдың ең ықыластысы және ең дұрысы қандай болады?» - деп сұрады.

    Сонда ол кісі: «Егер шынайы ықыласпен жасалынып, бірақ дұрыс болмаса қабыл етілмейді. Сондай-ақ дұрыс болып, бірақ ықылассыз жасалынса да қабыл емес. Амалдың дұрысы сүннетке сай келгені, ал ықыласты болғаны – Жалғыз ғана Аллаһтың разылығы үшін орындалғаны», - деп айтты да, сол сөзіне дәлел ретінде жоғарыда келген «Каһф» сүресінің 110-шы аятын оқыды.

    Сол үшін адам баласы жасайтын әрбір үлкен-кіші амалына байланысты екі сұраққа жауап беруі тиіс екендігін әрбір мұсылманның білгені жөн. Яғни, не үшін жасап жатырмын? Қалай жасап жатырмын? Бірінші сұрақ амалдың жасалу себебі мен онда көрсетілген мақсатты айшықтайды. Ол амал кездейсоқ жәй әрекет пе? Жоқ, әлде Аллаһтың сүйіспеншілігіне бөленіп, Оған апарар жолды талап етуге бағытталған амал ма? Ал, екінші сұрақ амалдың қалай жасалғанын көрсетеді. Яғни, жасалынған амал шариғат бұйрықтарынан немесе пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) сүннет істерінен бе? Жоқ, әлде одан өзге нәрсе ме?

    Бірінші сұрақтың тура жауабы, амалдағы ықыласты Аллаһтың разылығына бағыттау. Екінші сұрақтың тура жауабы, сол амал пайғамбарымыз Мухаммед (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) сүннетіне сәйкес болу. Нәпсі жасаған амалы үшін мақтауды, көрініп қалуды, сол іс үшін сыйлық алуды сүйетін болғандықтан, ықылас оған өте ауыр келеді. Сондықтан Сәһл Әт-Тустари (Аллаһ оны рахметіне бөлесін): «Нәпсіге ең қатты тиетін нәрсе – ықылас. Себебі ықыласпен жасалған амалда нәпсінің ешбір үлесі жоқ», - деген.

    Ықылас туралы әңгімені оның жүрекке тигізетін көптеген пайдаларының бірін ескере отырып бітіргіміз келеді. Шын мәнінде, ықылас жүректі түзейтін нәрселердің бірі. Кімде-кім жүрегіне ықыласты орнықтырса, қиянат, кесапат, арсыздық және көре алмастық деген аурулардан оны айықтырады. Имам Ахмадтың «Муснад» атты кітабында Нуғман Ибн Баширден, Аллаһ одан разы болсын, риуаят етілген сахих хадис осы сөзге салмақты дәлел бола алады:

    «Мұсылман адамның жүрегінде үш нәрседе көре алмастық болмайды: амалды Аллаһ Тағала разылығы үшін ықыласпен орындауда; мұсылман басшыларына насихат жасауда; мұсылман жамағатын ләзім тұтуда. Расында дұға-тілек мұсылмандардың баршасын қамтып, баурап тұрады».

    Осы мәселеге байланысты, ғұламалар адамдарға істеп жатқан амалдары туралы, соның ішінде ниет амалдары туралы арнайы түсіндірілетін еңбектер қажеттігін айтады. Себебі, адамдардың басына келетін қиыншылықтардың көбі, осы ықыластың жоқтығының, не дұрыс болмауының кесірінен болады.

    Ықылас – жүректің амалы. Ол біреуге көрінбейді. Сондықтан да бұл пендемен Аллаһтың арасындағы жасырын сыр. Амал жүзеге асқанда, оны көзбен айқын көре аламыз, ал ықылас қаншама күшті болса да көзге көрінбейді.

    Ықыластың маңыздылығы мен ерекшелігін ғалымдар былайша түсіндіріп береді:

    Иман – тілмен мойындау, мұны көре аламыз, шариғат негіздерінің орыдалуы, бұны да көре аламыз, ал жүрекпен сенуді көре алмаймыз.

    Иман – жүректе ықыластың болуы. Жүрегінде ықылас болған адам мұсылман, егер болмаса ол адам мунафиқ, яғни екі жүзді. Адам дінді тілімен мойындап, діни негіздерге амал қылса мұсылман саналып, мұсылмандар қатарында өмір сүре береді, бірақ мұнафиқ болса, ықыластың болмағандығынан тозақтың ең төменгі қабаттарынан орын алмақ..

    Аллаһ Тағала дінде тек өзіне ғана ықылас қою керектігін аятта былайша баяндайды:

    «Олар Аллаһқа шынайы ықылас және дінге толық берілген халде ғибадат жасауға, намаз оқуға, зекет беруге ғана әмір етілген» (Бәйина, 5)

    Өмірде жақсы амалдардың жойылуына себеп болатын ең нашар амалдардың бірі - ит асырау. Дінімізде «Кімде-кім бостан-бос ит асыраса жақсы амалдары жойылады», - деген.

    Дінімізде итті шопандарға (мал бағуға) қорықшы ретінде және қажетті жағдайларға байланысты асырауға рұқсат етілген, ал себепсіз, ермек үшін асырауға тыйым салынған.

    Ит тиген ыдыстың харам болуы соншалық, ыдысты 7 рет сумен, 8-ші рет топырақпен жуу қажет.

    «Егер сендердің біреулеріңнің ыдысын ит жаласа, ол ыдысты жеті рет жуыңдар және сегізіншісін топырақпен ысқылап, тазалаңдар» (Бұхари) – деп хадисте айтылғанымен, шөлдеген итке ықыласпен су беріп өлімнен сақтап қалса, Аллаһ Тағала оның күнәларын кешіреді. Пайғамбарымыздың хадисінде: «Бір әйел зина (бөтен еркекпен жақындық) жасады. Оның күнәсін ешкім білген жоқ. Ісіне өкініп тәубеге келді. Сол әйелге сусыздықтан шөлдеп, өлейін деп жатқан ит жолықты. Әйел аяқ киіміне су алып (Аллаһтың разылығы үшін) шын ықыласпен итке ішкізді. Оның күнәсі Аллаһтың алдында кешірілді» (Ибн Тәймия) – делінген. Өмірде ит түгіл адамның шөлін қандырғанның күнәсі кешіріле бермейді. Ал, әлгі әйелдің күнәсінің кешірілуіне, оның шын ықыласпен ниеттенгені себеп болды.

    Шариғат ілімінде ұмтылған адамға көптеген сыйлықтар беріліп, ал оны Аллаһ ризашылығы үшін, құлшылық ету үшін емес, ықылассыз, дүниелік пайда мақсатында үйрену, ең үлкен азапқа ұшыратады. Осыған байланысты имам Әбу Дәуіт, Пайғамбарымыздан (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) риуаят келтіреді:

    «Аллаһтың ризашылығы үшін (талап етілетін) ілімді, дүние (пайдасы) үшін үйренсе, қиямет күні жәннаттың иісін де сезе алмайды». Яғни, тек Аллаһ ризашылығы үшін үйренілетін шариғат ілімдерін дүниедегі өмірін жақсарту үшін ғана үйренген адам, қиямет күні иісі 500 жылдық қашықтыққа жетіп тұратын жәннаттың иісінен әлдеқайда алыстатылады.

    Әбу Һурайра, Аллаһ одан разы болсын, Пайғамбарымыздан (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) төмендегідей мағынада келген риуаятта, дүниеде өте маңызды іс істеген, олардың ісі біздің көзімізше теңдесі жоқ ұлы еңбек болса да, соның артынан тозаққа кірген үш кісінің мысалын айтып берді.

    «Қиямет күні алғаш сұрақ шәһит болған адамнан сұралады. Аллаһ оған берген нығметтерін, жоқтан жаратқанын ескерткенде, пенде мойындайды. Аллаһ одан соған шүкіршілік ету үшін не істегенін сұрағанда, ол: «Сенің ризашылығың үшін, өлгенге дейін соғыстым», - деп айтады.

    Аллаһ оған: «Сенің сөздерің өтірік. Сен менің ризашылығым үшін емес, сені батыр, қаһарман деп атаулары үшін соғысқа бардың. Адамдар сені қаһарман, деп атады. Сен дүниеде өз сыйлығыңды алып болғансың, - деп «оны бетімен сүйреп тозаққа тастаңдар» деп әмір береді.

    Кейін ілім үйренген, адамдарға үйреткен, әрі Құран оқыған кісіні алып келеді. Аллаһ оған берген нығметтерін есіне салады. Аллаһ одан соған шүкіршілік ету үшін не істегенін сұрағанда, ол: «Сенің жолыңда Құран оқыдым, ілім үйрендім, басқаларға үйреттім, бұның бәрін сенің ризашылығың үшін істедім», - деп жауап береді. Аллаһ оған: «Сен Менің ризашылығым үшін емес, сені «ғалым» деулері үшін ілім үйрендің, «қари» деп айтулары үшін Құранды жаттадың», - деп «оны да бетімен сүйреп тозаққа тастаңдар» деп әмір береді.

    Одан кейін Аллаһ үлкен ырыс беріп, түрлі байлыққа бөлеген адамды алдына алып келеді. Аллаһ оған берген нығметтер мен байлықты есіне салады, ол мойындайды. Аллаһ одан соған шүкіршілік ету үшін не істегенін сұрағанда, ол: «Сенің разылығың үшін ақша жұмсауда бір де мүмкіншілікті жібермей, Сен риза болатын жолға пайдаландым», - деп жауап береді. Сонда Аллаһ: «Сен өтірік айтасың, сен менің ризашылығым үшін емес, сені «жомарт» деп атаулары үшін солай істедің», - деп «оны да бетімен сүйреп тозаққа тастаңдар» деп әмір береді» (Муслим).

    Осы хадистен, амалымыздың тек сыртқы көрінісіне емес, өзіміздің ішкі ниетімізге де мән бергеніміз жөн деген қорытынды шығады. Ықылассыз орындалған амал қаншалықты үлкен болмасын, пайда бермейді.

    Аду Хамид ал-Ғазали айтады: «Маған кім Аллаһ Тағала үшін ықыласпен 40 күн ғибадат жасаса, оның жүрегінен тіліне даналық бұлағы ашылады, - деген хабар жетті. Мен 40 күн ғибадат жасадым, бірақ айтылған нәрсе болған жоқ. Ғалым кісілерге осы туралы «мен 40 күн ғибадат жасадым, бірақ менің тіліме даналық бұлағы ашылған жоқ», - деп айтқанымда, олар: «Сен 40 күн ғибадатты Аллаһ ризашылығы үшін емес, даналық бұлағы үшін істедің», - деп жауап берді.

    Ықыластың күшеюі үшін не істеуге болады? – деген сұраққа ғұламалар былайша жауап берген:

    - Алдымен көрінбейтін ғибадаттарды көп жасау;

    - Өз кемшіліктері мен қателіктерін анықтау;

    - Ғибадаттарды неғұрлым жасырын жасауға ұмтылу, орындау;

    - Жасырын садақа үлестіру;

    - Жүректегі рияға деген ұмтылысты Аллаһ Тағаланың жек көретінін біліп, одан қорқу;

    - Жалғыз қалғанда Аллаһтан қорқып жылау.

    Омар Фарұқ, Аллаһ одан разы болсын, былай айтқан екен: «Кімде-кім, егер ниеті Аллаһтың ризашылығы үшін болып, өзіне зиян болса да сол ниетін орындаса, Аллаһ Тағаланың өзі адамдар мен оның арасындағы келіспеушіліктерді оңдап, түзеп қояды, егер ол өзінде жоқ сипаттармен адамдардың көзіне жақсы көрінбек болса, Аллаһ оны айыптайды».

    Яғни, адам әр қилы жағдайда болса да, Аллаһтың ризашылығына бөленуді ғана көздеп тұрса, Аллаһтың Өзі оған көмектеседі. Аллаһтан бұрын адам баласының көңілі, ризашылығы үшін келісімпаздыққа бармаңыз. Адам ризашылығын Аллаһ разылығының алдына қоймаңыз.

    Өмірде адамдардың көңіліне қарайтын жағдайлар да кездесіп тұрады. Мысалы, жамағат намазда тұрғанда, имам намазға келе жатқан адамдардың аяқ дауыстарын естіп, рукуғта біраз тұрып қалуы. Ондағы мақсат, адамдардың намазға үлгеруі. Бұл жағдайда имамның әрекетінің ешқандай қайшылығы жоқ, өйткені Пайғамбарымыздан (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) төмендегідей мағынада келген риуаятта:

    «Мен намазға кіремін. Намазды созып оқығым келеді. Сонда намазға келген әйелдердің бірінің баласы жылағанын естимін. Намазда тұрған ана баласының жылғанынан қиналмасын деп, ұзын сүрені оқу ниетімді бұзып, қысқа сүре оқып намазымды қысқартамын», - деген (Бұхари).

    Яғни, біз мұсылман бауырларымыздың имандарының күшеюіне көмектесуіміз ықыласқа жат емес.

    Басшы болуға ұмтылмаңдар, қиямет күні өкініп қаласыңдар.

    Мұсылман адам, әрине, Аллаһтан Өзі риза болатын нәрсе сұрайды. Басшы, әкім болуға құштар болу дұрыс емес.

    «Олар: Раббымыз! Бізге жұбайларымыздан, ұрпақтарымыздан көзайымдық бер. Сондай-ақ бізді Аллаһтан қорқушылардың алды қыл!» (Фұрқан, 74).

    Мұсылман адам перзенттерінің, жанұясының Аллаһқа құлшылық етіп жүргенін көргенде қуанатыны сөзсіз. Ал, Аллаһтан қорыққандарға басшы болса, перзент әкеден, аға-ініден қашатын қиямет күнінде тақуалар оған дос болады. Осы хадистер амалдың тек ықыласпен ғана қабыл болатынын анықтай түседі. Аллаһтың алдына жақсы сөз және дұрыс амал ғана көтеріледі.

    Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Жәннатқа ешкім істеген амалымен кірмейді», - деді. Яғни, ешкім бұл өмірде жәннатқа лайық үлкен амал істей алмайды.

    Сонда сахабалар: «Я, Расулуллаһ, тіпті сізді де ме?» - деп сұрады.

    Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Менің де амалдарым оған жетпейді, тек қана Аллаһтың қамқорлығымен ғана кіре аламын», - деді.

    Аллаһ – ұлықтық, ал пенде – құлдық сипатында. Пенде Раббысының айтқандарын сөзсіз орындауы, Аллаһтың әрбір бұйрығында хикмет бар екендігіне өте сенімді болуы қажет. Пендесінің кішіпейілдігі әрі Раббысының үкімдерін шын ықыласпен орындауының нәтижесінде Аллаһ Тағала өз мейірімімен жәннатпен сүйіншілейді.

    Табиғиндер былай риуаят етеді: «Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) қасында жүрген үлкен сахабалардан 70 кісіні көрдік. Олар мунафиқ – екі жүзді болып қалудан қорқып күндіз де, түнде де іштері мен сырттарын бірдей ұстауға тырысатын».

    Хузайфа ибн Яманий, Аллаһ одан разы болсын, Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) сенімді сахабаларынан болған. Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) оған сырларын ашып айтатын. Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) дүниеден өткенен кейін басқа сахабалар Хузайфа ибн Яманидің Аллаһ одан разы болсын, бір жаназаға себепсіз, бармағанын көрсе, Хузайфа оның екі жүзділігін Пайғамбарымыздан (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) естіген шығар, - деп олар да жаназаға бармайтын болған. Пайғамбарымыздың досы, көзі тірісінде жәннатқа баратындығы айтылған он сахабаның бірі Омар ибн Хаттабтың өзі, Аллаһ одан разы болсын, Хузайфаға; «Я, Хузайфа, Пайғамбарымыз менде екі жүзділік сипатын көріп саған айтқан болса, маған қатты тисе де айтшы», - деп сұрауы шын ықылас пен иманның жемісі емес пе?!

    Иман – тілмен айту, жүрекпен бекіту, шариғат міндеттерін орындау. Екі жүзді адам діннің міндеттерін, амалдарын көрсетіп орындай алады. Бірақ оның жүрегінде діннің ең негізі – ықылас болмайды. Егер, шын жүректен, ықыласпен ғибадат етіп жүрген мұсылман мен екі жүзді мұсылманды салыстыруға болатын болса, олардың дәрежесі бірдей болып қалатын еді. Дініміз жеке тұлғаның құқықтарын қорғап, біреудің ішкі жан дүниесін тексеріп қазбалауға тыйым салады. Бірақ, әрбір мұсылманның анық түсінуі қажет мәселе - жүрегінде ықыласы болмаған адамның, тозақтан орын алатындығы. Әрбір мұсылман осы дәлелдерден дұрыс қорытынды шығарып, тілмен айтумен ғана шектеліп қалмай, өзінде ықылас сипатының күшеюіне ықпал етіп отыруы қажет.

    Шыншылдық

    Ықыласқа алып баратын сипаттардың бірі – шыншылдық. Шыншылдық дегеніміз – адамның айтқан нәрсесімен оған байланысты ішкі ойының сәйкес келуі.

    Аллаһ Тағала Құранда:

    «Әй мүміндер! Аллаһтан қорқыңдар және шыншылдармен бірге болыңдар», - деген (Тәубе, 119).

    Шыншылдық сипаты сенімде, сөзде, адамның өзгелерге қарым-қатынасында өзін танытады.

    «Сөз жоқ, мұсылман ерлер және мұсылман әйелдер, мүмін ерлер және мүмін әйелдер, бой ұсынушы ерлер және бой ұсынушы әйелдер, шыншыл ерлер және шыншыл әйелдер, сабырлы ерлер және сабырлы әйелдер, ықыласты ерлер және ықыласты әйелдер, садақа беруші ерлер және садақа беруші әйелдер, ораза ұстаушы ерлер және ораза ұстаушы әйелдер, ұятты жерін қорғаушы ерлер және әйелдер, Аллаһты көп зікір етуші ерлер және әйелдер; Аллаһ бұлар үшін жарылқау және ірі сыйлық әзірледі» (Ахзап, 35).

    Шыншыл ұғымы, әрдайым шындықты айтушыға қатысты ұғым. Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) алып келген жол да шыншылдық негізінде салынды. Сол замандағы Һеракл патшаның құлағына жаңа пайғамбар туралы хабар жетеді. Бір күні Меккеден саудагерлер келгенін есітіп, оларды сарайға шақыртады. Саудагерлер арасында Пайғамбарымызға (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) ең жақын туыстығына қарамастан, ең үлкен дұшпан болып қастасып жүрген Әбу Суфиян болатын. Һеракил өтірік айтып, жала жабатын болса, айтсын, деген мақсатпен Әбу Суфиянды алдыңғы қатарға қойып, басқаларды оның артына қатар қойды. Қате жауап берсе өлтіреміз деп шешті. Сөйтіп: «Пайғамбарлыққа үміткер кісі нені талап етіп отыр», - деп сұрағанда, Әбу Суфиян:

    «Жалғыз Аллаһқа ғибадат жасау, Оған серік қоспау, ата-бабалар айтқан нәрселерден қалған теріс әдеттерді тастау, намаз оқу, шыншыл болу, тазалықты, жақын туыстармен жақсы қарым-қатынас жасауды бұйырды», - деді. Бұл риуаят Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) шыншыл болғанын дұшпандардың өзі де мойындағанын белдіреді.

    Дініміз, Аллаһтан қорқуды және әрбір істе шыншыл адамдармен бірге жақсы қарым-қатынаста болуымызды бұйырады:

    «Әй, мүміндер! Әділдікте мықты тұрып, егер өздеріңнің, әке-шешелеріңнің және жақындарыңның зиянына болса да, Аллаһ үшін айғақ болыңдар; бай немесе кедей болса да. Өйткені Аллаһ, екеуіне де тым жақын (Олардың халін біледі). Ендеше әділдік істеуге нәпсіге ермеңдер. Егер тілдеріңді бұрып, шындықты бұрмаласаңдар, шәксіз Аллаһ не істегендеріңді толық білуші» (Ниса, 135).

    Шыншыл, әділетті болу жайында мысалдар Ислам тарихында көптеп кездеседі.

    Омар ибн Хаттаб, Аллаһ одан разы болсын, Пайғамбарымыздан (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) риуаят келтіреді:

    «Бірде сендерге дейін өмір сүрген үш адам сапарға шығып, жаңбырдан пана іздеп, бір үңгірге келіп паналады. Алайда, олар үңгірге кірген кезде таудан бір тас домалап түседі де, одан шығар жолды тығыздап жауып қояды. Сонда олар: «Ақиқатында бұл тастан сендерді Аллаһ Тағалаға өздеріңнің ізгі істеріңді дәнекер етіп, сол үшін Оның сендерді осы қиыншылықтан құтқаруын тілеп, жалбарынуларың құтқарады», - десті. (Аллаһ ризалығы үшін істеген жақсы амалдарын араға қойып, құтқаруды сұрайды). Содан кейін олардан бірі өзінің балаларынан да, үй қызметшілерінен де бұрын әке-шешесін тамақтандырып, Аллаһ ризалығы үшін ата-анасына айрықша қамқорлық еткенін айтты. Бір күні жұмыстарым көбейіп үйге кеш қайттым. Мен келгенімде әке-шешем ұйықтап қалған екен. Бастарында тамақ дайындап, оянуларын күтіп отырдым. Олар таңертең оянып тамақтанды. Я Раббым, Сенің ризашылығың үшін әке-шешемді құрметтедім. Егер осы құрметтегенім Саған ұнаған болса бізді осы жерден құтқара гөр, - деп жалбарынғанда тас біраз жылжыды.

    Бұл кісінің ісі барлық нәрседен ата-анасын жоғары қою ғана емес, Аллаһ ризашылығы үшін ниеттенген ниетінде берік болу, өз мақсатын айнала, қоғамның әсерінен қорғай алуының бір үлгісі. Мұхаммедтің (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) қияметке дейінгі ұрпағына өз мүддесіне сенімді адам мысалындағы өнеге.

    Содан кейін үңгірдегі екінші жолаушы өзінің бір қызға өлердей ғашық болғанын, бірақ оның оң қабақ танытпағанын, кейін қуаңшылық жылы қатты тарыққан кезінде, ақша үшін жігіттің еркіне көнуге рұқсат бергенін баян етеді. «Екеуміз оңаша қалып, оған жақындайын деп едім, ол маған: «Аллаһтан қорықпаймысың!» - деді. Я Раббым, Сені араға қойғаны үшін, Сенен қорыққанымнан бұл істен бас тарттым. Егер бұл ісім Саған ұнаған болса бізді құтқара гөр», - деп жалбарынғанда тас жылжып, үңгірдің аузы біраз ашылды».

    Бұл оқиға өзі мен нәпсі арасындағы күресте күшті сенімі арқылы нәпсісін жеңгеніне тағы бір дәлел.

    Үшінші адам да шын ықыласпен істеген оқиғасын айтып береді.

    - Қолымда біраз жұмысшылар істеді. Жұмыстары аяқталғаннан соң, олар риза болатындай есептестік. Олардың біреуі ақшасын алмай кеткен болатын. Мен оның ақшасына мал алып көбейтіп отырдым. Көп уақыт өткеннен соң әлгі жұмысшы келіп, ақшасын сұрады. Мен оған сол уақытқа дейін көбейіп кеткен малдарын көрсеткенде, ол сенбей, мазақтап жатыр деп ашуланды. Мән-жайды түсінгенде, қуанып малдарын алдына салып алып кетті. Я Раббым сенің ризашылығың үшін оның ақысына қиянат жасамай, бәрін беріп жібердім. Егер бұл ісім Саған ұнаған болса бізді құтқара гөр», - деп жалбарынғанда тас олар үңгірден шыға алатындай жерге жылжыды» (Бұхари, Муслим).

    Сахабалардың бірі ұзақ уақыт ауырып, ауруынан жазылғаннан кейін, қатты балық жегісі келеді. Оған балық дайындап әкелгендерінде, Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім өзі қатты қалаған нәрсесін бауырына берсе, тозақ отынан құтылады», - деген хадисі есіне түсіп, балықты пәленшеге апарып берулерін бұйырады. Қасындағылар бұны сен жей бер, оған басқасын апарамыз десе, ол: «Қазірге дейін өзім қалаған нәрсені досыма ұсынып, тозақтан құтылуға мүмкіншілігім болмаған. Мүмкіншілік туғанда маған кедергі болмаңдар», - деген екен. Ал, мұндай мүмкіншілік туғанда нәпсісін жеңіп тозақтан құтылу үшін пайдалану кез келген адамның қолынан келе бермейді.

    Кааб ибн Маліктің ұлы Абдулла ибн Кааб риуаят келтіреді:

    Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) Тәбук соғысының алдында: «Кім Аллаһқа және Оның Елшісіне иман келтірген болса, Рамазан айында Мәдина қаласында болсын», - деді. Әдетте, Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) айналадағы Аллаһқа серік қатушы мүшрік, екі жүзді дұшпандардың көптігінен соғысқа шығар кезді жасырып, баратын бағытын білдірмей кететін. Ал, Мәдиналықтардың негізгі тіршілігі құрма өсіру болғандықтан, құрманы теріп алу мерзімі келген болатын. Бір жақтан Тәбук соғысы шығып тұр. Ол жаққа бару бір айға созылады. Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) бұл туралы алдын ала жариялады. Аллаһ Тағала Тәбук соғысында сахабаларды үлкен сынақтан өткізді: адамдардың ауыздары ораза, күн ыстық, бір жылдық күн көрістің көзі – құрма пісіп жатыр, ал Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) болса барлық мұсылмандарды соғысқа шақырып жатыр.

    Кааб ибн Малік Бадрден басқа соғыстардың барлығына қатысқан, қиын күндерде Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) жанынан бір елі ажырамайтын. Тәбук соғысында біраз адамдар үйіміздің арты қоршалмаған, тастап кете алмаймыз, деп өтірік сылтаумен қалды. Бұл мұнафықтардан бөлек, Кааб ибн Малік және екі адам себепсіз қалған еді. Бұл сапардан келген соң соғыстан әдейі қалып қойған екі жүзді мұнафықтар Пайғамбарымызға (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) сылтау айтып келгенде, ол кісі көпшілігінің өтірік айтып тұрғанын білсе де, оларға ләм-мим деп ауыз ашпады.

    Аллаһ Тағала дін дұшпандарының жүрегіне қорқыныш ұялатып, мұсылмандарды соғыссыз жеңіске жеткізді. Осылайша Тәбук соғысы болмай қалады. Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) үлкен жеңіспен оралғанда соғыстан қалып қойған сексенге жуық адам келіп себептерін айтты. Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) оларға дұға етіп, жүректерін Аллаһ білсін», - деді.

    Кааб ибн Малік Пайғамбарымызға (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) өтірік сылтау айтқанымен, Аллаһтың алдына барғанда құтылмаймын, деп бар шындықты айтуға ниеттенеді.

    - Егер мен бөтен кісілердің алдында болғанымда шешендікпен құтылып кеткен болатын едім. Бірақ мен шындықты айтайын, Тәбук соғысына бармауыма менде ешқандай себеп болған жоқ, - деді. Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын):

    - Бұл шынын айтты, Аллаһтың үкімі не болса саған да сол, - деді.

    Кааб инб Малік шындықты мойындағаны үшін азап шекті, 50 күн онымен ешкім, тіпті жанұясы да сөйлеспеді, Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) оларға Каабтың қызметін істеулеріне де тыйым салды. Кааб ибн Маліктің сөзге шешен, данышпандығын естіген Ғассан патшасы: «Бастығыңа ұнамай қалған болсаң, бізге ұнайсың», - деп өздеріне шақырды. Кааб: «Бұл да маған бір сынақ», - деп шақыру қағазын өртеп жіберді. Арадан 50 күн өткенде төмендегі аят түскен:

    «Соғыстан қалған үшеуінің де тәубесін қабыл етті. Тіпті оларға жер кең бола тұра тар келген еді. Өздерінен өздері тарылып, Аллаһтан басқа ешбір пана жоқтығын аңғарды. Содан кейін Аллаһ оларға тәубе нәсіп етті. Шынында Ол Аллаһ, тым тәубе қабыл етуші, өте мейірімді» (Тәубе, 118).

    Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) бұл хабарды жеткізу үшін Каабқа адам жіберді. Келген адам: «Туылған кезіңнен осы уақытқа дейін көрмеген құрметке жеттің. Сені құттықтауға осыдан басқа жақсы киімім жоқ», - деп үстіндегі киімін Каабқа кигізіп қояды. Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) алдына келгенде, Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) жүзі күннен де көркем болып күтіп алады.

    Шындыққа берік болған адам Аллаһ тарапынан марапатталды. Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) қиыншылық көріп жүрген күнінде бірге болған Каабты қорғаштамай, Аллаһтың бұйрығы – шындықты жақтауы, аздан гөрі көпшілікті, бөгдеден гөрі туысқанды қорғаштауға болмайтынын, таңдаған кезде тек шындықты – Аллаһ Тағала ризашылығын таңдауымыз керектігін үйретеді. Сондықтан да Аллаһ Тағала достарыңмен немесе туысқандарыңмен бірге жүруді емес, тек шындықты айтушылармен бірге жүруді бұйырды.

    Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Ақиқатында шыншылдық игілікке апарады, ал игілік жәннатқа жетелейді және адам (әрдайым) шын сөйлесе, Аллаһ Тағаланың алдында «шыншыл» деп жазылады. Ал, өтірік жамандыққа жетелейді, ал жамандық болса тозаққа апарады және адам (әрдайым) өтірік сөйлесе, Аллаһ Тағаланың алдында «суайт» деп жазылады» (Бұхари, Муслим).

    Осы хадис бізге, айтқан әрбір сөзімізде, істеген әрбір ісімізде тозаққа тартатын кез-келген өтіріктен сақтануымыз керектігін көрсетеді.

    Бірнеше адам шәһит болуын Аллаһтан сұрап дұға етіңізші, деп Пайғамбарымыздан (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) сұрағандарында, Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Егер бір кісі шәһит болуды Аллаһтан шын ниетімен сұрап төсегінде қайтыс болса да, шәһит дәрежесін алады», - деп айтқан.

    Егер, кімде-кім бір жерде сауап іс орындалғанын естігенде, шын жүрекпен өзі сол сауапқа қатыса алмағанына өкінсе, сол сауап алғандардың қатарында болады. Сондай-ақ, кімде-кім бір күнәлі іске бара алмағанына өкінетін болса, сол күнә оған да жазылады.

    Иман келтіргендерді шыншыл адамдармен болуға үгіттеген аятта «шыншыл еркектер» және «шыншыл әйелдер» деген сөйлем жолдарына мән беру керек. Еркектер мен әйелдерге «шыншыл» сипатының бөлек-бөлек айтылуы, бұл сипат Исламдағы мінез-құлықтың негізгі өзектерінен екенін көрсетеді.

    Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) жан-дүние тыныштығының кілті – шындық деп көрсетті. Өміріне өтірік араласқан адамның көңілі, пікір-ойы әрдайым әуре-сарсаңда дал болып жүретіндігі күмәнсіз.

    Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Күмәнданған нәрсеңді таста, күмәнсізін ал. Себебі шындық – тыныштық, ал өтірік – күмән (әкеледі)», - деп ескерткен (Әт-Тирмизи).

    Шыншылдық адамның әрекеті, сенімі мен ақиқаттың бір жерден шығуынан көрінеді. Бірақ, бұл тек Аллаһ Тағалаға іштей ықылас танытып және екі жүзділіктен алыс болғанда ғана орындалмақ.

    Шыншылдықтың ішкі негіздері мен тіректері бар:

    - Ықыласқа деген сүйіспеншілік;

    - Адамгершілік пен ар-намыс;

    - Батылдық пен туралық;

    Ал, Аллаһ Тағалаға деген Иман – шыншылдықтың қайнар көзі болып табылады.

    Шыншылдар барлық әрекетімен басқаларға көркем үлгі болу арқылы ақиқаттың таралуына үлес қосып, оны қалай ұстанудың жолын ұсынады. Ал, өтірік ізгілікке, имандылыққа, адалдыққа, кез келген игілікке қарсы, қоғамды ірітуші, ыдыратушы мәнге ие ұғым. Ол барлық құндылықтарды жоюға бағытталған кесапат күш.

    Шындыққа талпыну өтіріктің бет пердесін ашып, хақты тануға алып келеді. Шыншыл адамды Аллаһ Тағала нығметіне бөлеп, жәннатіне жетелейді.

    Құран – Аллаһтың берік тұтқасы

    Шындықты іздеу – адам баласын Аллаһтың бар екендігін және бірлігін мойындауға, Ислам дінін қабылдап мұсылман болуға алып келеді. Ислам дінінің негізі Құран және Аллаһтың Елшісі Мұхаммед пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) сүннетері болып табылады.

    «Құран – Аллаһтың берік тұтқасы, әрі ашық нұры. Ол тұтқадан ұстағанды Аллаһ Өзі сақтап, ол нұрға ергендерді Аллаһ Өзі құтқарады. Және осы Құранға шақырылған кісі ең тура жолға бағытталған болады. Себебі:

    · Құран – жүрекке иманды орнатып, Аллаһпен болатын байланыс арқылы нәпсіні тазалайды.

    · Құран – жүрекке байсалдылық пен саламаттылықты орнатады. Сондықтан оны жамандықтар мен бүліктердің құйынды желдері теңселте қоймайды. Және адам жүрегі Аллаһты еске алумен тыныштық табады.

    · Құран – мұсылманға айналасында болып жатқан оқиғалардың шынайы суретін көруге және оларды дұрыс түсінуге мүмкіндік береді. Әрі Құран оған болып жатқан істерге дұрыс баға бере білу таразысын ұсынады. Сондықтан оның шешімі оқиғалар мен адамдардың алмасуына қарай өзгермейтін тұрақты болады»

    Ал, әрбір мұсылман Құран Кәрім – Аллаһтың сөзі екендігіне күмән келтірмейді.

    «Әлиф Ләм Мим. Міне осы Кітапта күдік жоқ, тақуалар үшін тура жол көрсетуші» (Бақара, 1-2).

    Аллаһ Тағала Құран Жаратушының сөзі екендігіне сенімсіздік білдіргендерге былай дейді:

    «Егер құлымызға түсіргенімізден күдіктенсеңдер, онда сендер де соған ұқсаған бір сүре келтіріңдер, Аллаһтан өзге көмекшілеріңді де шақырыңдар, егер сөздерің рас болса» (Бақара, 23).

    «(Мұхаммед): «Егер адамдар, жындар осы Құранның ұқсасын келтіруге жиналса, тіпті олар, бір-біріне көмекші болса да келтіре алмайды», - де» (Ісра, 88).

    Иманды екенін мойындаған адамның Құранды қаласа мойындап, қаламаса мойындамауына еркі болмайды, иманды адам Құран үкімдерінің барлығына мойынсұнуы керек.

    «Аллаһ Тағала және Елшісі қашан бір іске үкім берсе, мүмин ер және мүмин әйел үшін олардың істерінде ерікті болуларына болмайды. Сондай-ақ кім Аллаһқа, Елшісіне қарсы келсе, сонда рас ашық адасқан болады» (Ахзаб, 36).

    Исламның үкімдерін орындау адамның көңіл-күйіне байланысты мәселе емес.

    «(Мұхаммед) Раббыңа серт! Олар өзара таласқан нәрселерінде сені би қылып, кейін берген билігіңнен көңілдерінде ақау таппай толық бой ұсынғанға дейін мүмин бола алмайды» (Ниса, 65).

    «Раббыларыңнан сендерге түсірілгенге бой ұсыныңдар да Одан өзгені дос тұтып ілеспеңдер. Нендей аз ғана үгіт тыңдайсыңдар!» (Аъраф, 3).

    «Осы (Құран) Біз түсірген мүбарак Кітап. Енді соған еріңдер әрі сақсыныңдар. Мәрхаметке бөленерсіңдер» (Әнғам, 155).

    «Ол, үкім берушілердің жақсысы» (Аъраф, 87).

    Бұл аяттардың барлығы Құранның үкімдерін орындау үшін түскеніне дәлел болады. Ал, Құранға ерген адам ең тура, ең дұрыс, ең мейірімді жолда болады.

    «Негізінде осы Құран ең тура жолға салады» (Ісра, 9).

    Яғни, тура жолда жүруге ниеттенген адам Құранды бар ықыласымен ұстануы керек. Құранды басшылыққа алып ұстану ғана ең тура жолға салады.

    Ал, Құраннан бет бұрған адамды Аллаһ Тағала «қайырымсыз» деп айыптады.

    «Олай емес. Негізінде Құран, өздеріне ғылым берілгендердің көңілдерінде айқын аяттар. Аяттарымызға залымдар ғана қарсы келеді» (Ъанкабут, 49).

    Аллаһ Тағала Құранға ергендерді «ілім иелері» деп сипаттады.

    «Өздеріне білім берілгендердің, саған Раббыңнан түсірілгеннің хақ екендігіне және мақтаулы, үстем Аллаһтың жолына салатындығына көздері жетеді» (Сәбә, 6).

    Ислам дінінің дұшпандары Құранның жіберілуіндегі негізгі мақсатты бұрмалап көрсету үшін «Құран Арабстандағы шөлде өмір сүретін арабтардың тәрбиесін жөндеу үшін соларға түскен» деп сөз таратады. Иман келтірген адамның түсінігінде Құран бір тайпаға немесе бір халыққа ғана түспеген. Құран ұлтына, жеріне, еліне, заманына қарамай бүкіл жер бетіндегі адамзатқа келген.

    «Бүкіл әлемге бір ескертуші болуы үшін құлына (жақсы-жаманды айыратын) Құранды түсірген Аллаһ өте жоғары» (Фұрқан, 1).

    Аллаһ Тағала Құранды адамзатқа жеткізуші Өзінің Елшісі (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) жайлы:

    «Біз сені әлемге рахмет етіп қана жібердік» (Әнбия, 107).

    «(Мұхаммед) Әй адам баласы! Мен барлығыңа Аллаһтың Елшісімін» (Аъраф, 158).

    Аллаһ Тағала Құранға ерген адамға тура жолды, игілік пен бақытты, ал Құраннан бет бұрғандарға азапты уәде еткен.

    «Кім тура жолыма ілессе, сонда ол адаспайды да машақат тартпайды» (Таһа, 123).

    «Кім сонда тура жолыма ерсе, оларға қорқу жоқ, әрі қайғырмайды» (Бақара, 38 аят).

    «Ал, кім үгітімнен бет бұрса, сонда күдіксіз оған бір тар тұрмыс болады. Сондай-ақ оны соқыр түрде жинаймыз. «Раббым, мені неге соқыр етіп тірілттің? Расында мен көретін едім», - дейді. (Аллаһ): «Міне осылай. Өйткені саған аяттарымыз келген еді. Сонда сен оны ұмытқан едің. Сол сияқты бүгін сен де ұмытыларсың», - дейді» (Таһа, 124-126).

    Аллаһ Тағала Құраннан бет бұрған кісіден бет бұруды бұйырады.

    «(Мұхаммед) үгітімізден жалтарып, дүние тіршілігін ғана қалаған кісіден бет бұр. Міне олардың білімі осыған-ақ жетеді» (Нәжім, 29-30).

    Өкінішке орай адамдардың көпшілігі осы дүниеге ғана көңіл бөліп ал, адамның не үшін жаратылғандығы туралы ойлағылары келмейді.

    Аллаһ Тағала Құранның үкімін өзгерткен адаммен келіспеңдер, деп әмір берген. Әрине, діннің қас дұшпандары Аллаһтың әмірін өз қалауларынша өзгертуді қалайды. Олар Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) алдына келіп, дінді өздерінің пайдасына қарай өзгертуге тырысып бақты. Бірақ, әрекеттерінен түк те шықпағаннан соң Пайғамбарымызға (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Сіз біздің пұттарымызға құлшылылқ жасаңыз, біз де сіздің мешіттеріңізге ғибадат жасаймыз», - деді. Оларға жауап ретінде Аллаһ «Кафирун» сүресін түсірді.

    Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) сахабалардың имандары күшті болғандықтан шайтан олардан үмітін үзгенін, бірақ қарғысқа ұшыраған шайтан олардың ғибадаттарының кемшілікпен жарым-жартылай орындалуы үшін күш салатынын ескертті.

    Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Сіздерге шайтан басшы болудан үмітін үзді, бірақ сіздер мән бермейтін кейбір амалдарда ол өз үстемдігін жүргізуден бас тартқан жоқ. Абай болыңыздар, мен сіздерге қалдырған Аллаһтың Кітабы және сүннетімнен мықтап ұстансаңыздар, (сонда) ешқашан адаспайсыздар», - деген мағынада хадис қалдырған.

    Құранда Аллаһты еске алу он түрлі күйде келген:

    1) Барлық жағдайда және белгілі уақыттарда еске ал – деп әмір күйінде келген мысалы:

    «Раббыңа ішіңнен жалбарына қорыққан түрде бәсең сөзбен ертелі-кеш еске ал» (Аъраф, 205).

    2) Еске алудың тескерісі болған ғапылдық пен ұмытудан қайтарған күйде келген:

    «Ей, мүминдер! Аллаһтан қорқыңдар. Шәксіз Аллаһ, не істегендеріңді толық біледі. Сондай Аллаһты ұмытқан, Аллаһ оларға өздерін ұмыттырған кісілер тәрізді болмаңдар. Міне солар бұзақылар» (Хашр, 18-19).

    3) Аллаһты көп еске алушылардың құтылатынын хабарлаған күйде келген: «Аллаһты көп еске алыңдар, әрине құтыласыңдар» (Әнфал, 45).

    4) Раббысын еске алушыларды мақтап, оларға Аллаһтың қасында үлкен сыйлық барын хабарлаған күйде келген:

    «Аллаһты көп зікір етуші ерлер мен әйелдер үшін Аллаһ жарылқау және ұлы сыйлық әзірледі» (Ахзаб, 35).

    5) Аллаһты еске алуды тастап, басқа нәрсемен алданып қалған адамның зиянға ұшырайтынын ескерткен күйде келген:

    «Ей, мүминдер! Сендерді малдарың, балаларың Аллаһты еске алудан тоспасын. Әлде кім бұны істесе, міне солар зиян тартушылар» (Мунафиқун, 9).

    6) Аллаһты еске алғандарды Аллаһ та еске алатынын хабарлап келген:

    «Енді, Мені еске алыңдар, Мен де сендерді еске аламын...» (Бақара, 152).

    7) Еске алудың аса үлкен нәрсе екенін хабарлаған: «Әрине Аллаһты еске алу, аса ірі нәрсе» (Ъанкабут, 45).

    8) Әрбір игі амалдардың басы болған Аллаһты еске алудың, сол амалдардың соңы екенін білдіріп келген:

    «Аллаһ сендерге оңайлық қалайды, ауыршылық қаламайды. Сендерді тура жолға салған Аллаһқа шүкірлік етулерің үшін санын толықтырыңдар, Әрі Аллаһты ұлықтаңдар» (Бақара, 185).

    Яғни, ораза әрбір мұсылманға парыз болған салихалы амал, ол амал басы шүкір, еске алу мен басталып, ақыры Аллаһты ұлықтаумен аяқталады. Сол сияқты басқа амалдар да осы тәріздес келеді.

    9) Аллаһты еске алушылар, Оның құдіретін танытатын әрбір белгілерден өздеріне пайдалы ғибрат ала білетін көреген топ екендігін баяндаған халде келген:

    «Шәксіз көктердің және жердің жаратылуында, түннің және күндіздің өзгеруінде әлбетте ақыл иелері үшін дәлелдер бар. Олар тіке тұрып, отырып, жамбасынан жатып (әр халде) Аллаһты еске алады. Сондай-ақ олар көктер мен жердің жаратылуы жайында ойланады да: «Раббымыз Сен мұны босқа жаратпадың, Сен пәксің, бізді от азабынан сақта!» (Әли Ъимран, 190).

    10) Аллаһты еске алу әрбір ізгі амалдардың серігі, әрі қуаты тәріздес екендігін хабарлап келген. Онсыз амал жансыз дене іспеттес, мысалға құтқарылу жолы ретінде келген:

    «Ей, мүміндер! Қашан бір топпен қарсылассаңдар мықты болыңдар да Аллаһты көп еске алыңдар, әрине құтыласыңдар» (Әнфал, 45).

    Адам баласы көбінесе айналасындағылардың қателіктеріне еліктеп, күнә істеп қояды. Діннің қас дұшпандары немесе қиялға еріп шайтанның азғыруына ергендер Аллаһтың үкімдерін, сөздерін өзгертіп өзгелерді адастыруға тырысып бағуда. Көпшілікке ойланбай, көзсіз еру ешқашан ақиқатқа жетелемейді. Өткен пайғамбарлардың ізінен ерушілердің сандары өте аз болған, қиямет күні үмметсіз өткен кей пайғамбарлар жалғыз келеді екен. Пайғамбарлар Аллаһтың дінін алып келгеннен соң бар өмірлерін осы жолға арнаса да, өздеріне міндеттелген міндетті адамдардың қалауына қарай өзгертпеді. Нұх (оған Аллаһтың сәлемі болсын) 950 жыл өмір сүрген болса да, оған ергендердің саны өте аз болған.

    «Егер сен жер жүзіндегі адамдардың көбіне көнсең сені Аллаһтың жолынан адастырады» (Әнғам, 116).

    Аллаһ Тағала киелі кітаптарынан өз қалауынша өзгерткендері үшін алдыңғы қауымдардың бақытсыздыққа қалай ұшырағандықтары жайлы айтып өткен.

    Таурат пен Інжілді ұстанғандар, кітаптардағы үкімдерді өз қалауларына сай қолданды. Бай, атақты адамдар ұрлық жасаса, оған жаза қолданбай кешіріммен қарап, жазаға тек қана кедейлерді тартып отырды. Ал, Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) Ислам дінінің үкімдерін ешқандай өзгеріссіз орындағанын, басқалардан да соны талап еткендігі турасында тарихта көптеген мысалдарды білеміз.

    Ең құрметті деген тайпалардың бірі Маһзумия тайпасынан бір әйел ұрлық істеп қолға түсті. Маһзумиялықтар әйелді жазалау үшін Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) жақсы көретін сахабасы Усама ибн Зайдты араға салды. Усама инб Зайд Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) алдына өтінішпен келгенде, Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) қатты ашуланып: «Усама, сен менен Аллаһ белгілеген шектен шығуды сұрау үшін келдің бе? Аллаһтың атымен ант етемін, егер менің қызым Фатима ұрлық жасаса, оның да қолын кесер едім», - деген.

    Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) мынандай мағынада сөз қалдырған: «Сіздерге екі тұтқа қалдырдым. Олардан мықтап ұстасаңыздар, тура жолдан таймайсыздар. Бұл Аллаһтың Кітабы және Пайғамбардың сүннеті».

    Дін дұшпандары қарапайым халықты жолдан тайдыру үшін көптеген айла қолданды. Халықтың арасында «Құран – Аллаһтың сөзі, оған біздің ақылымыз жетпейді, Мұхаммед (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын), өте жақын кісі, оның сөздерін білуге, әмірін орындауға біздің шамамыз жетпейді» деген сөз таратып, Құран мен Пайғамбарымызға (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) еруден алыстатуға тырысты.

    «Расында Құранды насихат үшін қолайлы қылдық. Ал, сонда еске алушы бар ма?» (Қамар, 17).

    Құран мен хадистен мықтап ұстану дегенде – бұл кітаптардың түр-түрінен жинау, үйдің төріне іліп қою немесе ақ матаға ораумен шатастыруға болмайды. Құран мен хадисті ұстану дегеніміз – бұл кітаптарды оқып үйрену, өмірге енгізу, оларды басқа жолдан абзал деп білу. Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) талап еткен соңғы өсиеттерінің бірі осы болып табылады.

    Аллаһтың әмірін орындау адамның өзіне пайдалы екені туралы Құран аяттарында көп айтылған.

    Пайғамбарымызға (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) берілген үлкен нығметтердің бірі, сахабалардың ол кісіні өздерінен де артық жақсы көрулері болды.

    Құранда: «Ал, оларға: «Өздеріңді өлтіріңдер (соғысыңдар), немесе жұрттарыңнан шығыңдар!» - деп әмір еткен болсақ, олардан өте азы ғана орындайды. Олар өздеріне үгіттелген нәрсені атқарса еді, әрине олар үшін хайырлы болып, имандары нығайып бекір еді» (Ниса, 66).

    «Егер олар Тәурат, Інжілді және Раббылары тарапынан өздеріне түсірілгенді толық орындаса еді, әрине олар үстіңгі жақтарынан (ағаштардың жемістерінен) әрі аяқтарының астынан (жердің өсімдіктерінен) жейтін еді. Олардың бір орташа тобы бар. Дегенмен олардың көбінің істеген істері жаман еді» (Мәида, 66).

    «Ер немесе әйелден кім сенген бойда түзу іс істесе, әлбетте оны жақсы тіршілікте жасатамыз. Әрі оларға істеген істерінен жақсырақ сыйлық береміз», - делінген (Нахл, 97).

    Құранды мәнерлеп, әуезді оқу тыңдаушыға жақсы әсер береді. Бірақ оқығанына амал қылмай, тек қана әсем дауыспен әндетіп оқумен шектеліп қалған адамның жағдайын жақсырақ түсіну үшін төмендегі мысалға назар салып көрелік:

    Дәрігер көрінуге келген ауру кісіге, Аллаһ қаласа мына дәрілер шипа болар деп рецепт және ауруына пайдасы, зияны бар нәрселерді жазып берді. Сонда ауру кісі осы қағаздардағы көрсетілген емделу жолын ұстана ма, әлде үйіне апарып іліп қояды ма?

    Құранды оқығанымен оған амал етпейтін адам – өзінде үлкен бір игілікті ілімнің, бақ – береке, мал-дәулеттің кілті бола тұрып, үлкен қайғы қасіретке душар болатын адам іспеттес.

    Мұсылмандардың басым көпшілігі Құранның мағынасын, мақсаты мен міндетін білмеуіне көптеген тарихи жағдайлар өз әсерін тигізді. Атап айтар болсақ, алдымен 70 жыл өмір сүрген қоғамның «дін-апиын» деген теріс пікірінен әсерленген халық, өздерін мәдениетті етіп көрсету үшін дінді мазаққа айналдырып, ғибадат жасап жатқан адамды келеке етті, бірақ дін – Аллаһтың жіберген заңдылығы болғандықтан, оны түп-тамырымен жоя алмады.

    Тарихқа қарайтын болсақ, Ислам бейбіт жолмен таралған аймақтар саны, жаулап алған аймақтар санынан көп басым. Бұл да Ислам Аллаһ тарапынан жіберілгеніне бірден-бір дәлел.

    Дамыған елдердің басым көпшілігі материалдық жағынан жақсы дамығанмен, рухани тарапынан құлдырап бара жатқаны жаңалық емес. Құстың өмір сүруі, ұшуы, көбеюі үшін екі қанатының да маңызы зор. Адам немесе қоғамның дамуы үшін де рухани, әрі материалдық дамудың болуын қажет етеді. Бір бағыттағы дамумен шектелген қоғамды бір қанаты шіріп бара жатқан құсқа ұқсатуға болады. Ауру құс ұшқан күннің өзінде құлайды. Ал, рухани дүниенің ең жақсы тәрбиешісі әрине – адасудан тура жолға, күнәдан кешірімге, надандықтан даналыққа жеткізуші – Аллаһтың мәрхәматымен кітабіміз Құран, дініміз Ислам.

    [1] Бұл аят бір Аллаһқа серік қоспай ғибадат етуші құл мен Оған өзге нәрсені серік етуші құлдардың жағдайын білдіру үшін түскен. Яғни, егер бір құл өзара ерегісіп шығыса алмай жүрген бірнеше адамдардың меншігінде болса және олар келісімге келмей бірі құлға «мына істі атқар» - деп бұйырса, ал екіншісі: «жоқ, оны емес бұны істе» - деп тұрып алса, үшіншісі мүлдем басқа нәрсені бұйырса, онда ол бейшара құлдың жағдайы не болады? Қайсысының көңілінен шығып, басын бәлекеттен арашалай алады? Ал бір ғана адамның меншігінде болған құлдың басы ондай нәрселермен ауырмайды. Ол өзінің атқаратын ісін нақты біліп, егесінің көңілінен шығып жүреді. Ондай болса ол екеуінің мысалы тең емес. Бір Аллаһқа ғибадат етуші мен Оған серік қосушы құлдардың да мысалы осындай. Серік қосушы да Аллаһтың, не өзге сиынғанының да ризашылығына жетпей, үлкен зиянға ұшырайды.