Ізгі мүмін әйел Уммул Бәнин Абдул-Азиз ибн Маруанқызы (Аллаһ оған рақым етсін) қиссасы
Бөлімдер
Full Description
Ізгі мүмін әйел Уммул Бәнин Абдул-Азиз ибн Маруанқызы
(Аллаһ оған рақым етсін)
қиссасы
قصة أم البنين بنت عبد العزيز بن مروان رحمها الله
>Қазақ тілі – Kazakh –< كازاخي
إسماعيل بن عمر بن كثير
Исмаил ибн Омар ибн Касир
فريق اللغة الكازاخية بموقع دار الإسلام
Islamhouse.com сайтының қазақ тілі бөлімшесі
УММУЛ БӘНИН
АБДУЛ-АЗИЗ ИБН МАРУАНҚЫЗЫ
(АЛЛАҺ ОҒАН РАҚЫМ ЕТСІН)
«Оны барша адамдар шешен, фиқһ білгірі, халал мен харамды айыра алушы адам ретінде сипаттаған».
Уммул Бәнин – мүміндердің әділетті әміршілерінің бірі халифа Омар ибн Абдул-Азиздің әпкесі. Олардың әкелері Абдул-Азиз Мысырда жиырма жылдай уәлилік құрған. Уммул Бәнин мен Омар ибн Абдул-Азиздің халифа Омар ибн әл-Хаттабпен (Аллаһ оған разы болсын) нәсілдік туыстықтары бар. Асим ибн Омар ибн әл-Хаттаб – бұлардың нағашы аталары. Ал көкелері Абдул-Мәлик ибн Маруан еді. Уммул Бәниннің күйеуі – осы Абдул-Мәлик ибн Маруанның баласы Уәлид ибн Абдул-Мәлик болған. Ал Омар ибн Абдул-Азиздің әйелі Уәлидтің қарындасы Фатима Абдул-Мәликқызы болатын. Ағайынды адамдардың бұлайша өзара қыз алысып, қыз берісуі халифалық тұқымның таза сақталуы үшін істелетін. Әлбетте, бұл – Ислам шариғаты рұқсат ететін ғұрып. Умәуилер үкіметінің негізін салған Уәлид ибн Абдул-Мәлик, жалпы әділетсіз болғанымен, өз халифалығының тұсында көптеген игі істі атқарып кеткен. Соның қатарында Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) мешітін кеңейтіп, қайта салдырған. Ол Құранды көп оқитын. Тіпті ол бірнеше күнде бір хатым қылатын еді деген де әңгіме бар. Нақ осы Уәлид ибн Абдул-Мәликтің тұсында Ислам кеңінен қанат жайған. Үнді елі мен түркі жұрты және Испания Ислам мемлекетінің қарамағына өткен.
Бұл әңгіменің арқауы болып отырған Уммул Бәнин Абдул-Азизқызы – осы Уәлид ибн Абдул-Мәликтің әйелі. Ол фиқһ ғылымы білгірлерінен деп есептелетін бірегей әйелдердің бірі және хадистанушы, шешентілді, ақыл-парасаты жоғары, қолы ашық жомарт жан еді. Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) қаласында дүниеге келіп, сол жерде тәлім алып тәрбиеленген. Бойжетіп, айтулы сұлулардың бірі болған Уммул Бәнинді бірде Меккеге қажылық жасап келген Уәлид ибн Абдул-Мәлик оның дақпыртын естіп, арнайы Мәдинаға келіп айттырады. Әкесінің келісімін алып, Уммул Бәнинді өзімен Шамға әкеледі. Уәлид пен Уммул Бәнин бас қосып отау тіккеннен соң, Аллаһ тағала оларға Абдул-Азиз, Айша және Мұхаммед деген перзенттер сыйлайды. Аяғының астында жатқан дүниеден теріс айналып, ғылымға біржола ден қойған Уммул Бәнин жастайынан Құранды жаттап, хадистердің басым көпшілігімен зейінін зерделеген. Ол табиғиндер қатарына жататын бірнеше атақты ғұламалардан дәріс алған-ды.
Шам шаһарының хадис жеткізушісі ғұлама имам Әбу Зурға: «Уммул Бәнин Абдул-Азиз ибн Маруанқызы: одан хадистер риуаят етілді және одан Ибн Абала хадис риуаят етті», – деп, оның ілімдегі дәрежесіне сілтеме жасаған.
Ал ғұлама, мухаддис Әбу Наср ибн Макулла Уммул Бәнинді: «Оны барша адам шешен, фиқһ білгірі, халал мен харамды айыра алушы адам ретінде сипаттаған», – деп дәріптейді.
Бұл әйел ғибадаттан жалықпайтын, Аллаһтың айнымас құлдарынан еді. Ол кейде өзінің бас қосып сұхбат құратын әйелдеріне: «Мен сендердің әңгімелеріңді ұнатамын, бірақ намазға тұрсам, сендерді ұмытып кетемін», – дейтін.
Сол тұстағы ең бай мемлекеттердің қатарына жататын, бүкіл мұсылмандар халифасының сарайында тұрғанына қарамастан, Уммул Бәнин дүниенің сән-салтанатына қызықпай, ілімге көңіл бөліп, уақытын дұрыс пайдаланып, фиқһ, әдебиет және тарихи деректермен шұғылданған Исламдағы ірі тұлғалардың бірі болады. Ол Аллаһ тағаланы жиі зікір етіп, Құран тыңдауды ұнататын. Құран аяттарын тыңдаған сайын жүрегіне қорқыныш кіріп, денесі тітірейтін. Оның: «Сәнденушілер жүректерінде Аллаһтың қорқынышынан әдемі ешбір нәрсемен сәнденген емес», – деген сөзі бар.
Уәлид ибн Абдул-Мәликтің тұсында мұсылман әскерлері Ислам дінін әлемге тарату мақсатында жан-жақты күрес жүргізіп жатқанды. Уммул Бәниннің әдеті әр аптада бір ат сатып алып, біршама уақытқа жететін азығымен қосып, оны бір жауынгерге сыйлайтын. Осындай ісімен ол Ислам әскеріне әр жұмада бір жауынгер қосатын. Бұл арқылы Уммул Бәнин Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын): «Кім бір жауынгерді дайындаса, ол Аллаһ жолында соғысқан болып саналады» (Әл-Бұхари, Жиһад: 38; Муслим, Жиһад: 135 және басқалар), – деген уәдесіне сай, Аллаһ жолында күрестің сауабын алуды қалайтын. Оның тағы бір сүйікті істерінің бірі құл босату еді. Өйткені сол кездегі қоғамда белең алған өзекті мәселелердің бірі адам құлдығы болатын. Осыған байланысты да Ислам құлдарды азат етуге көп үндеген. Бірте-бірте Ислам қоғамын құлиеленушіліктен біржолата арылту үшін құл азат етуді көптеген күнәның өтемі етіп көрсеткен. Ислам құл азат еткен адамдарды тозақ отынан құтылумен марапаттайды. Міне, осы мәселеге Уммул Бәнин де белсене атсалысқан. Ол Аллаһ тағаланың құл азат етуге шақырудағы мақсатын жақсы түсінген. Өзі құралпы елдің бетке тұтарлары құлдары мен күңдерінің санын арттырып жатқанда, Уммул Бәнин әр жұмада бір құл азат етіп, оған қоса азат етілген құлға оның қоғамға қиналмай сіңіп кетуі үшін біршама мал-дүние ажыратып беретін. Нағыз мұсылман, тақуа әйелдегі Аллаһқа берілудің көрінісі мінеки, осындай еді. Тақуалық дегеніміз – құрым киім киіп, ел кезіп дәруіш кейпінде қоғамға масыл болу емес, керісінше, қолынан келгенше адамзат қоғамына пайдасын тигізу.
Уммул Бәнин мен Уәлид ибн Абдул-Мәликтің өмір жолдары залым Хажжаж ибн Юсуф әс-Сақафи және оның інісі Мұхаммед ибн Юсуфтармен тұспа-тұс келеді. Хажжаж Иракта, ал інісі Мұхаммед Йеменде уәли еді. Умәуилер мемлекеті осы екеуіне көп арқа сүйейтін. Десе де, ағайынды бұл екеуі елге жайсыз болып, қарапайым халыққа тура төрелік, әділ билік жүргізбейтін. Қара халықтың көпшілігіне әсіресе Хажжаждың тізесі қаттырақ батып жүретін. Олардың зұлымдығын, елге көрсеткен жәбірін естіп-біліп жүрген Уммул Бәнин мұсылмандар қазынасы мен халифа үйіне харам мал-дүниенің кіруінен сақтанып, күйеуіне бұл залымдардың іс-әрекетін қатты ескертетін. Ислам тарихы туралы жазылған кітаптарда келтірілген деректер бойынша, Йемен уәлиі Мұхаммед ибн Юсуфтың халыққа зәбір-жапа көрсетіп, адамдардың мал-дүниесін әділетсіз жолмен тартып алған да кездері болған.
Бірде Хажжаж ибн Юсуф Меккеге қажылыққа барғанда, онда йемендік бір кісіні жолықтырып, одан өлкелерінде билік жүргізіп отырған інісі жайлы пікірін сұрайды. Бұл йемендік кісі иманды, ақиқатты ашық айтатын батыл адам болып шығады. Хажжаж әлгі йемендік кісіден:
– Басшы ретінде Мұхаммедке қалай қарайсың? – деп сұрайды. Йемендік әдейі жалтарып:
– Мен оны алып тұлғалы, нар кеуделі басшы деп білемін, – деп жауап береді.
Хажжаж:
– Мен сенен бұл жайлы сұрап тұрған жоқпын, керісінше, оның адамдармен қарым-қатынасы қандай? Адамдар ол туралы не айтады, қандай пікірде? Сол туралы білгім келеді, – дейді.
Сол кезде йемендік мұсылман:
– Мен оны залым, озбыр, Жаратушыға бойсұнбаушы, жаратылғанға бағынушы басшы деп білемін, – дейді.
Ел құлағы елу деген бұл әңгіме адамдар арасында таралып кетіп, келе-келе Уммул Бәнинге де жетеді. Келер жылы Уәлид пен Уммул Бәнин Меккеге қажылық жасап барады. Халифа қажылық міндеттерін орындап болған соң, Меккеде біраз аялдауды жөн көріп, біршама уақыт сонда қалады. Осы сәтті пайдаланып, сол аймақтың әкімқаралары халифа Уәлид ибн Абдул-Мәликке жағынып қалу үшін тарту-таралғыларымен келіп, оған сәлем беріп жатты. Олардың қатарында Мұхаммед ибн Юсуф әс-Сақафи да Йеменнен көптеген сый-сияпат әкелген-ді. Оның зұлымдығын көп естіген Уммул Бәнин, ол әкелген сыйлықтармен бірге халифа сарайына харам мал-дүниенің кіріп қалуынан қорқып, күйеуі Уәлидтің алдына келеді. Рұқсат сұрап ішке кірген Уммул Бәнин қулыққа басып: «Мен сенің Мұхаммед әкелген сыйлықтарды маған беруіңді қалаймын. Өйткені мен йемендік бұйымдарды ұнатамын», – дейді. Уәлид ибн Абдул-Мәлик Мұхаммедке: «Әкелгендеріңді маған емес, Уммул Бәнинге апар», – деп хабар жібереді. Мұхаммед ибн Юсуф әкелген сыйлықтарын халифаның өзі көргенін қалап, бұған разы бола қоймай: «Әкелген сыйлықтарымды мүміндердің әміршісі өз көзімен көрмейінше, оны ешкімге жібермеймін», – дейді. Бұл сөзден хабардар болған Уммул Бәнин күйеуінің алдына қайта келіп, әңгімені төтесінен қойып:
– Уа, мүміндердің әміршісі! Сен Мұхаммедтің сыйлықтарының маған жіберілуін бұйырған едің. Әңгіменің ашығын айтайын, маған ешқандай тарту-таралғының қажеті жоқ, – дейді.
Сонда Уәлид:
– Онда менен оны неге сұраттың, ей, Уммул Бәнин?! – деп таңырқайды.
Уммул Бәнин:
– Уа, мүміндердің әміршісі! Менің естуімше, Мұхаммед ибн Юсуф адамдардың мал-дүниесін зорлықпен тартып алуға дейін барған. Ол адамдарға шамалары келмейтін міндеттерді жүктеп, зорлық қылған. Әлімжеттік жасап мәжбүрлеген. Ал өзіне қарсы шыққанды сорлатқан. Мен оның мал-дүниесінің үйіме кіруін қаламаймын, – дейді.
Бұл сөздерді естіп ашуланған халифа дереу Мұхаммед ибн Юсуфқа тарту-таралғыларымен келуге бұйрық береді. Сый-сыяпатымен артынып-тартынып Мұхаммед те жетеді. Аңдап қараса, шынында да, өте құнды, бағалы заттар екенін көрген Уәлид ибн Абдул-Мәлик:
– Ей, Юсуфтың ұлы! Естуімше, сен бұларды жұрттан тонап алыпсың ғой, – дейді.
Тосын сұрақтан зәре-құты қалмаған Мұхаммед:
– Аллаһ сақтасын, уа, мүміндердің әміршісі! Мен бұларды тек адал жолмен таптым, – деп қипақтайды.
Уәлид оның сөзіне күдікпен қарап, оған ант беруге бұйырады. Мұхаммед ибн Юсуф сөзінің растығын дәлелдеу үшін қасам ішеді. Уәлид оның қайта ант беруін талап етеді. Ол қайта ант береді. Сосын халифа Мұхаммедтің Қағбада қара тастың жанында тұрып әкелінген мал-дүниенің адал жолмен табылғандығына елу рет қасам ішуді бұйырады. Мұхаммед ибн Юсуф оның айтқанын бұлжытпай орындап, елу рет қасам ішеді. Осыдан кейін ғана халифа оның тарту-таралғыларын қабыл алады.
Уммул Бәнин тақуа, ғибадатшыл болуымен қатар, мемлекет саясатына, ел ісіне тікелей араласып, үкіметте әділеттің орнауына атсалысып, кей кездерде күйеуіне ақыл-кеңес беретін. Уммул Бәнин әсіресе залым Хажжаж ибн Юсуфтың кім екенін күйеуіне түсіндіргісі келіп, көп әрекеттерге барып жүреді. Хажжаж ибн Юсуфтың зұлымдығы сондай, оның тек есімін ғана естумен адамдардың жүрегіне қорқыныш ұялайтын. Іс жүзінде де Хажжаж Ислам қаймақтары Сағид ибн Жубайр, Абдур-Рахман ибн Ашғас, Абдуллаһ ибн Зубәйр ибн Аууамдардың қандарын мойнына жүктеген болатын. Яғни ол өз тұсындағы маңдай алды ғұлама Ибн Жубайрді, тіпті ұлы сахабалардың бірі, ұлы сахабаның баласы Абдуллаһ ибн Зубәйрді өлтірген. Алдына кесе-көлденең тұрған жанды аямау залым Хажжаждың табиғатына тән еді.
Бір күндері Хажжаж ибн Юсуф халифа Уәлид ибн Абдул-Мәликке жолықпақ болып келеді. Ирактан Шамға келген Хажжаж халифаның қала сыртына серуенге шығып кеткенін естіп, соңынан барады. Оларға таяп келген Хажжаж атынан түсіп, халифаның алдына жаяу барып, Уәлидтің қолын сүйіп амандасып, барынша жағынудың жолын жасайды. Амандық-саулықтан кейін әңгіме барысында халифа ат үстінде, ал Хажжаж ибн Юсуф жаяу жүріп келе жатады. Хажжаж үстіне қабат-қабат сауыт киген, қолында қылыш, найзасы, бес қаруын түгел асынып алған еді. Оған жаны аши қарап, халифаның:
– Атқа мінсейші, – дегеніне, Хажжаж:
– Мені қоя беріңіз, уа, мүміндердің әміршісі! Мен сіздің қызмет жолыңызда өз күресімді арттыра түсейін. Өйткені Зубәйр мен Ашғастың ұлдары мені өзіңе қызмет етуден көп тосып қойды, – деп жағымпаздана ілтипат білдіреді.
Хажжаждың бұл сөзінің төркіні Абдуллаһ ибн Зубәйр мен Абдур-Рахман ибн Ашғас өле-өлгендерінше, Хажжажбен алысып, арпалысып өткенге саяды.
Ақырында халифаның көп үгіттеуімен Хажжаж атына отырып, жол бойы екеуі әңгіме-дүкен құра келе, халифа сарайына жетіп, үйге кіреді. Халифа Уәлид ибн Абдул-Мәлик Хажжажды қонақ бөлмесіне отырғызып, өзі киімін ауыстырмақ болып, ішкі бөлмеге өтеді. Киімін шешіп, жеңіл жейдесін ғана киіп, қайта келіп жайғасып отырып, әңгімелерін жалғайды. Осы аралықта күйеуінің ешқандай күзетсіз, бес қаруы сай бір адаммен жалғыз отырғанын Уммул Бәнин естіп, қауіптене бастайды. Ол қызметкер әйелін жіберіп: «Қасыңызда отырған, бүкіл қаруын бойына асынған мына бәдәуи кім? Неге оның қасында күзетсіз отырсыз?» – деп сұраттырады. Уәлид ибн Абдул-Мәлик әлгі қызметкер әйелге: «Оған айтып бар, бұл – Хажжаж ибн Юсуф», – дейді. Сөйтіп, халифа Хажжажға бұрылып: «Не әңгіме болып жатқанын білесің бе? Әйелім әрі немере ағамның қызы Уммул Бәнин: «Мына қасыңызда қаруын түгел бойына асынып отырған бәдәуи кім? Неге күзетсіз отырсыз?» – деп сұратыпты. Мен оған: «Қорықпа, бұл – Хажжаж», – дедім деп мұнысымен өзінің Хажжажға сенетінін жеткізгісі келеді. Уммул Бәнин қызметкерін күйеуіне қайта жіберіп: «Сіздің Хажжажбен мұндай жағдайда отыруыңызды мүлдем қаламаймын. Өйткені ол Аллаһқа бойсұнушы, ақиқат жақтаушыларын өлтірген. Осындай ұлы адамдарды өлтірген жанмен оңаша қалуға қорықпайсыз ба? Мен үшін сіздің жаныңызда өлім періштесінің болуы Хажжаждың болуынан жақсырақ», – деп айтқызады. Мұны естіген Хажжаж Уммул Бәниннің халифаны өзіне қарсы қоюынан қауіптеніп: «Әйелдердің сөзіне көңіл аудармай-ақ қойыңыз, уа, мүміндердің әміршісі! Әйел деген – райхан, қаһарман емес. Оларға сырыңды ашып, айла-тәсіліңді айта берме. Өйткені олардың ойлары келте, шешімдері әлсіз және оларға алдыңда арашашы болуға жол берме, олармен көп отырма. Бұл сіздің ақыл-парасатыңыз бен қадір-қасиетіңізге кереғар келеді», – дейді. Бұл Хажжаждың әйел жайлы білдірген ойы еді. Оның бұл сөздерінен Уммул Бәнин хабардар болады.
Хажжажбен сұхбатын аяқтаған соң, Уәлид ибн Абдул-Мәлик Уммул Бәнинге кіреді. Бірақ Уммул Бәнин күйеуіне еш нәрсе деместен, тек: «Уа, мүміндердің әміршісі! Мен Хажжаж ибн Юсуфтың қадір-қасиеті жайлы көп естігенмін. Мен оның алдыма кіріп, маған сәлем беріп шыққанын қалаймын», – дей салады.
Ертеңіне Хажжаж ибн Юсуф Уәлид ибн Абдул-Мәликке келгенде, халифа оған: «Уммул Бәнинге кіріп, сәлем беріп шық», – дейді. Хажжаж: «Кірмей-ақ қойсам қайтеді?» – деп қашқақтайды. Бірақ халифаның қайта бұйыруымен оның алдына кіруге мәжбүр болады. Алдына барып кіруге рұқсат сұраған оны Уммул Бәнин қызметкерлеріне: «Күте тұрсын», – деп бұйырып, ұзақ уақыт бойы сарылтып күттіріп қояды. Көп уақыт өткеннен кейін ғана кіруге рұқсат береді. Хажжаж ибн Юсуф кіріп сәлем бергенде, Уммул Бәнин шымылдық артынан оның сәлеміне жауап қайтарады, бірақ отыр демейді. Хажжаж тік тұрған күйі абдырап состиып қалады. Сәлден соң ғана Уммул Бәнин тіл қатып: «Бәрекелді, Хажжаж! Сен мүміндердің әміршісіне Абдуллаһ ибн Зубәйрді өлтіргеніңді міндет қыласың ба? Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) сахабасының ұлы, ғибадатшыл, Аллаһқа бойсұну үшін уақытын арнаған, «Қос белбеу иесінің» (Әсма Әбу Бәкірқызының) ұлы, Мәдинада алғаш туылған мұсылмандар сәбиі...», – деп, осылайша Абдуллаһ ибн Зубәйрдің қадір-қасиеттерін санамалап келіп: «Ал сен кімсің?» – дейді.
Осылайша бұл әйел бір кездерде өз күйеуіне қарсы шыққан, өмірінің соңына дейін аттан түспей, соғыс жүргізген Абдуллаһ ибн Зубәйрдің Исламдағы орнын жоғары бағалап, ол батырға саяси тұрғыдан емес, ақида көзқарасымен қарайды. Мінеки, Уммул Бәниннің білдірген бұл пікірі – оның ақыл-парасатының кемелділігінің дәлелі емес пе?
Сосын Уммул Бәнин сөзін әрі қарай жалғап:
«Сен мүміндердің әміршісіне Абдур-Рахман ибн Ашғасты өлтіргеніңді міндет қыласың ба?» – деп Абдур-Рахманның қадір-қасиетін сөз қылады. Сосын Хажжаждың басқа да өлтірген адамдарының дәрежелерін тілге тиек ете келіп: «Ал сен кімсің?» – деп Хажжаждың теріс істерін, жиренішті қылықтарын, азғындығын айта бастайды. Тіпті оның атышулы жаман адам екенін, түр-тұрпатының ұсқынсыздығын бетіне басады, мінезінің кесірлігін айыптайды. Аяғынан тік тұрған бойда Хажжаж қалшиып тұрып қалады. Сосын Уммул Бәнин: «Сорың құрсын! Ей, Юсуфтың ұлы! Аллаһтың атымен ант етейін! Егер Аллаһ сенің Өз жаратқандарының ең кесірлісі екенін білмегенде, сені Қағбаны тас атқышпен атқылау сияқты бәлеге душар қылмайтын еді (Абдуллаһ ибн Зубәйр Меккені келіп паналағанда, қаланы қоршауға алған Хажжаждың әскері қала қорғанысын соғыспен ала алмаған соң, оны тас атқышпен атқылаған. Сол тастардың бірі Қағбаның қабырғасына тиіп, оны бүлдіреді). Егер сен Аллаһтың алдында ең бір азғын мақлұқ болмағаныңда, Ол саған Қағбаны атқылатпайтын еді. «Қос белбеу иесінің» тақуа, таза ұлын өлтіртпес еді. Аллаһтың атымен ант етейін! Сен өзіңнің күш-құдіретіңмен, батырлығыңмен мақтанасың. Ал сен Ибн Ашғастан қатарынан бес шайқаста жеңіліс тапқан жоқсың ба? Аллаһтың атымен ант етейін! Саған Абдул-Мәлик ибн Маруан жәрдем қолы ретінде Шамнан әскер жібермегенде, жеңе алмас та едің. Сен сол бір Абдур-Рахман ибн Ашғасқа қарсы соғысыңда тынысың тарылып, өрмекшінің торынан да әлсіз күй кештің. Сені орныңда қалдырған Шам шаһарының найзалары. Шам әскері сені олардың қылыштарының қатерінен құтқарды, саған жеңіс әперді. Ал енді сенің мүміндердің әміршісін әйелдердің сөздерінен сақтандырып, олардың арасында көп отырмауға кеңес бергеніңе келсек, егер мүміндердің әміршісінің әйелдері өздерінің әтірлері мен сәндік бұйымдарын сатып, саған жібермегенде, сен жеңбес едің. Біз осылай саған көмек қолын жібермегенде, сен соғыспас та едің. Ең төменгі таптағылардың бірінен болар едің. Сорың құрсын, ей, Хажжаж! Сен мүміндердің әміршісіне әйелдер жайлы не насихат айттың? Сені туған әйел емес пе?! Егер анаң болмағанда, сен дүниеге келмес те едің», – дейді.
Хажжаж «ләм-мим» деп жақ ашуға шамасы келместен аңтарылып, қалшиған қалпы тұрды. Уммул Бәнин енді оның хауариждерден жеңіліп қашқанын айтып жазғыра бастайды. Умәуилер мемлекетінің Хажжаж басқарған әскері хауариждерден бірнеше рет жеңіліс тауып қашқан болатын. Умәуилермен хауариждер арасында сексенге жуық қақтығыс орын алған-ды. Бұл шайқастардың біразын хауариждер қолбасшысы Шәбиб Харижидің жарақатына байланысты оның әйелі Ғазалә Харижия басқарған-тұғын. Бұл әйел жорықтардың бірінде таң намазын Хажжаж билік жүргізіп отырған Куфаға барып оқуға және бірінші ракағатта «Бақара» сүресін, ал екінші ракағатта «Әлі Имран» сүресін оқуға қасам ішеді. Сөйтіп, іс жүзінде де Ғазалә әскерімен Куфаға келіп, анты бойынша екі ракағат намаз оқиды. Оның бұл әрекетіне Хажжаж түк істей алмайды. Осыны бетіне басқан Уммул Бәнин Хажжажды тұқырта: «Саған назары түскен ақынды Аллаһ өлтірсін! Ғазалә Харижия қалаңа келіп, мешітіңде намаз оқығанда, қолыңнан түк келмей, сарайыңда қарап отырған жоқсың ба? Сен өстіп әйелден жеңіліп тұрып, әйелдердің артынан сөз өрбітесің бе?» – деп жер-жебіріне жете келе, қызметкерлеріне «Оны шығарып жіберіңдер», – деп бұйырады.
Оның алдынан шыққан Хажжаждың жүруге халі болмай, аяғын әлтек-тәлтек басып қалған еді. Сосын ол есін жиып, Уәлидке келеді. Халифа оған:
– Не болды, түрің өзгеріп кетіпті ғой? – дейді. Хажжаж:
– Уа, мүміндердің әміршісі! Барғаннан Уммул Бәнин ауыз жаппады. Тіпті бұдан гөрі жердің жарығына түсіп кеткенім жақсы еді. Аллаһтың атымен ант етейін! Ешбір әйелді мұндай шешен сөйлейді деп ойлаған емеспін, – дейді.
Сонда Уәлид:
– Ей, Хажжаж! Ол Абдул-Азиз ибн Маруанның қызы ғой, – депті оған.
Міне, осындай ұлы тұлғалы әйел, Уәлид айтқандай, әкесінен тәлім алған еді. Оның әкесі: «Менің иман келтірген, Аллаһтың ризық Беруші екеніне сенген, сөйте тұрып, сараңдық қылған мүмінге таңым бар», – дейтін.
Осындай әкеден тәлім алған Уммул Бәнин:
«Әрбір адамның өзіндік құмарлығы бар. Ал менің құмарлығым – мал-дүние жұмсау және үлестіру. Аллаһтың атымен ант етемін! Туыстық қарым-қатынас, жақсылық және жұбату мен үшін аш кездегі тамақ пен шөл қысқан кездегі сусыннан да жақсырақ», – деп айтатын.
Өзі айтқандай, бұл әйелдің құмарлығы садақа тарату еді. Ол бұдан ләззат алатын. Ол біреуге садақа берудегі ләззатты аштықта желінген тамақ пен шөліркеп ішілген сусынның ләззатынан да жоғары санайтын.
Оған «Сен көрген нәрселердің ең жақсысы не?» деген сұрақ қойылғанда: «Аллаһтан келген нығмет», – деп жауап берген. Сондай-ақ ол: «Мен жақсылықта болмаса ешкімді күндеген емеспін», – дейтін.
Сонымен қатар Уммул Бәнин адами көзқарасы жоғары парасатты жан еді. Тіпті ол дұшпандары туралы да тура көзқараста қалатын. Солардың бірін айтсақ, сол тұста оның көкесі Абдул-Мәлик ибн Маруанға қарсы елде көтеріліс орын алады. Көтерілісшілердің басында Мусғаб ибн Зубәйр (Абдуллаһ ибн Зубәйрдің інісі) болды. Мусғаб көптеген жақтаушыға ие болып, умәуилер мемлекетінің қауіпсіздігіне қатер төндіреді. Мусғабтың ақыны Ғұбайдуллаһ ибн Қайс әр-Руқайят деген кісі еді. Мусғаб ибн Зубәйрді жұртқа таныстыруда, адамдарды оның жағына өтуге үгіттеуде үлкен рөл атқарады. Ол тілі өте әдемі, өлеңдері шымыр, сөздері әсерлі ақын еді. Оның үндеуімен адамдар топ-топ боп келіп, Мусғабтың жасағына қосылып жатады. Ақын Ғұбайдуллаһ ибн Қайс Мусғабты мақтап, Абдул-Мәлик ибн Маруанды әжуалайтын. Бірақ бұл көтеріліс кескілескен соғыстардың нәтижесінде жеңіліс тауып, Мусғаб ибн Зубәйр өлтіріледі. Көтерілісшілер жанышталғаннан кейін халифа Абдул-Мәлик, Мусғабтың үгітшісі, ақын Ғұбайдуллаһ ибн Қайсқа іздеу салады. Оны тірідей не өлідей әкелген адамға сыйлық тағайындайды. Ғұбайдуллаһ жасырынып бой тасалап жүреді. Ол өзіне қорған болар адам іздеп, Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың салауаты мен сәлемі болсын) жақын туысының бірі Абдуллаһ ибн Жағфар ибн Әбу Талибке барады. Бұл Абдуллаһ өте жомарт кісі еді. Тіпті ол жомарттықта Хатим Таи жомарттан да жоғары болған.
Жәһилияттағы арабтар Хатиммен мақтанса, мұсылмандар, жомарттықта Абдуллаһ ибн Жағфармен мақтанатын.
Абдуллаһ оны қарсы алып, үйіне түсіреді. Келген мақсатын білген соң, оған: «Уа, Қайстың ұлы! Сенің қылмысың өте ауыр. Сорың құрғыр! Олардың сені қалай іздеп, қалай қолға түсіруге ұмтылып отырғандарын білсең ғой! Сенің өлеңдерің құлақтарды елітті, өзінің әдемілігі, әсемдігі, жүректерге әсерлілігімен адамдарды жаулады. Саған қорған болу менің қолымнан келмейді. Қолымнан келгенде, қашпас едім», – деп ойланып біраз отырады. Сосын барып: «Десе де, саған текті, парасатты әйел Абдул-Азиз ибн Маруанның қызы Уммул Бәнинге хат жазып берейін. Абдул-Мәлик бір жібісе, соған жібиді», – дейді.
Расында да, Абдул-Мәлик Уммул Бәнинді өте қатты жақсы көретін, оның ешқандай тілегін кері қақпайтын. Осыны білетін Абдуллаһ ибн Жағфар ақын Ғұбайдуллаһқа араша сұрап, Уммул Бәнинге хат жазады. Уммул Бәнин қолына тиген хатты оқиды. Сөйтіп, Абдул-Мәликтің алдына кіреді. Абдул-Мәлик одан:
– Бір өтінішің бар ма еді? – деп сұрайды. Уммул Бәнин:
– Иә, көке! Сізге бір өтінішпен келдім, – дейді.
Абдул-Мәлик өте сезімтал жан-тұғын. Оның не үшін келгенін бірден біліп:
– Сенің кез келген өтінішіңді орындаймын. Тек Ғұбайдуллаһқа қатысты болмаса болғаны, – дейді.
Уммул Бәнин:
– Уа, мүміндердің әміршісі! Өтінішімді орындасаң, «тек» деген сөзді қоспай орында, – дейді.
Халифа оны өзі сақтанып отырған нәрсеге ара түсетінін білген соң, қатты ашуланып Уммул Бәнинді шапалақпен салып жібереді. Қарындасы бетін басып жылап қалады. Оның жылағанын көріп, көңілі жібіген Абдул-Мәлик шыдап тұра алмай:
– Бетіңнен қолыңды ал. Сенің кез келген өтінішіңді орындайын. Тіпті Ғұбайдуллаһқа ара түсіп келсең де, – дейді. Уммул Бәнин:
– Уа, мүміндердің әміршісі! Сенен осыны сұрауымды өтініп, Абдуллаһ ибн Жағфар хат жолдапты. Сенің кешірімділігіңді, жүрегіңнің кеңдігін біліп, Ғұбайдуллаһқа амандық беруіңді өтініп келдім, – дейді.
Абдул-Мәлик бұл істе сүйікті қарындасы Уммул Бәнин мен Абдуллаһтай әйгілі адам ара түскендіктен, олардың меселдерін қайтарғысы келмей:
– Жарайды. Оның қанын саған тарту етемін, – дейді Уммул Бәнинге.
Ұзамай Ибн Қайс халифаның алдына келіп кешірім сұрап, оны мадақтап өлең жолдарын арнайды. Ол Уммул Бәнин мен Абдуллаһты мақтап өлеңдер шығарады.
Міне, осындай халифалар ортасында өмір сүрген, ағасы, күйеуі халифа Уммул Бәнин пәни дүниенің қызығына бой ұрмай, иман мәселесінде, халық қызметінде, жомарттықта теңдессіз әйел үлгісін көрсете білген еді. Аллаһ оған рақым етсін!