×
Ғұзайыр (оған Аллаһтың сәлемі болсын) қиссасы туралы жазылған мақала

    ҒҰЗАЙЫР

    (оған Аллаһтың сәлемі болсын) қиссасы

    قصة عزير عليه السلام

    >Қазақ тілі – Kazakh –< كازاخي

    فريق اللغة الكازاخية بدار الإسلام

    Islamhouse.com сайтының қазақ тілі бөлімшесі

    —™

    ҒҰЗАЙЫР

    (оған Аллаһтың сәлемі болсын)

    қиссасы

    Сүлеймен дүние салғаннан кейін де исраилдіктер Палестинаны мекендеді. Дегенмен олар Аллаһтың шынайы дінінен тым алыстап кеткен-ді. Қолдарындағы Тәурат жоғалып, ұмыт болған еді. Иманнан алыстап бара жатқан оларға Аллаһ тағала Ғұзайыр есімді пайғамбарды жіберді. Аллаһ тағала Ғұзайырға бір ауылға баруды бұйырды. Барса ауыл ел-жұртсыз, ойран болған. Өзінің қаңыраған бір ауылға жіберілгеніне таңғалып: «Аллаһ тағала енді бұл өлі мекенге қалай тіршілік береді екен?!...» – деп күтіп тұрады. Сол кезде Аллаһ тағала оны жүз жылға өлтірді.

    «Әлде сондай төбелері астына келіп құлаған бір ауылдан өткенді көрмедің бе? Ол: «Аллаһ мұны өлгеннен кейін қалай тірілтеді екен?» – деді. Аллаһ оны жүз жылға өлтіріп, сонан соң тірілтіп: «Қанша жаттың?» – деді» (Бақара сүресі, 259 аят).

    Ғұзайырдың жаны ұйықтап жатқан кезінде алынған еді. «Ол: «Бір күн немесе күннің бір жарымы жаттым», – деді. (Аллаһ): «Олай емес! Жүз жыл өліп жаттың! Енді тамағыңа, сусыныңа бір қара! Өзгермеген. Ал енді есегіңе қара!» – деді» (Бақара сүресі, 259 аят).

    Тамақ, сусынына қараса, сол қалпы бұзылмаған. Ал есегінің қураған сүйегі ғана қалған екен. Ғұзайыр таңғалып қалды. Сол кезде Аллаһ тағала:

    «Сені адамдарға белгі ету үшін осылай еттік. Ал енді сүйектерге қара! Оны қайта құрастырып, сонан соң оған ет қаптаймыз», – деді» (Бақара сүресі, 259 аят). Ғұзайыр қураған сүйектердің көз алдында құралып, ет бітіп, жанданып түрегелгенін көрді. «Бұл жағдайлар оған анық көрінгенде: «Сөзсіз, Аллаһтың әр нәрсеге Құдіретті екенін білдім», – деді» (Бақара сүресі, 259 аят).

    Ғұзайыр қайта тірілгенде, ауылға ел-жұрт қоныстанып та қалған еді. Ол ауыл тұрғындарынан: «Сендер Ғұзайырды білесіңдер ме?» – деп сұрады. Олар: «Иә, білеміз. Ол жүз жыл бұрын ізім-ғайым жоғалған екен», – деп жауап береді. Сонда ол: «Мен – Ғұзайырмын!» – деді. Олар оның сөзіне сенбей, араларындағы жасы жүзден асқан бір кейуана кемпірді алып келеді. Кемпір таныған соң барып қана адамдар оның айтқандарына иланды. Ғұзайыр оларға ұмыт болған Тәуратты үйретіп, жоғалған діндерін қайта қалпына келтіре бастады. Исраил қауымының Ғұзайырды қадірлеп-қастерлегені соншалық, оны «Аллаһтың ұлы» деуге дейін барды.

    Аллаһ тағала: «Яһудилер Ғұзайырды Аллаһтың ұлы деді» (Тәубе сүресі, 30 аят), – деген.

    Олар осы қате түсініктен әлі күнге дейін толықтай арыла қоймаған.

    Қолданылған әдебиеттер: Ибн Касирдің «Қисасуль-Әнбия», «Альбидая уа нихая».